16 Ақпан 2026, 08:45 Фото: stock.adobe.com

Павлодарда офицер жалған уәде арқылы ақша алғаны үшін сотталды

Сот үкімімен оған ұрланған соманың сегіз еселенген мөлшерінде – 29,2 миллион теңге айыппұл салынды.

Павлодар қаласында әскери комиссариат қызметкері әскерге шақырылушыларды «әскерден босатып беремін» деп алдап, ақша алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот материалдарына сәйкес, Павлодар облыстық қорғаныс істері департаментінің қызметкері 32 жастағы азамат Н. әскерге шақырылған жастарға мерзімді қызметтен босатуға көмектесетінін айтып, 250 мыңнан 1,4 миллион теңгеге дейін ақша алған. Қаражат қолма-қол және туыстарының банк карталары арқылы аударылған.

Іс бойынша төрт эпизод анықталған. Жалпы келтірілген шығын көлемі 3,6 миллион теңгені құрады. Кейін ақша берген шақырылушылар әскери-дәрігерлік комиссия шешімімен денсаулық жағдайына байланысты уақытша жарамсыз деп танылған. Бұдан соң жәбірленушілер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданған.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындады. Семей гарнизонының әскери соты оны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша ("мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға жасаған алаяқтық") кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен оған ұрланған соманың сегіз еселенген мөлшерінде – 29,2 миллион теңге айыппұл салынды. Үйқамақта болған уақыты есепке алынып, төлеуге тиіс сома 28 464 750 теңгені құрады.

Сондай-ақ сотталған азамат "лейтенант" әскери атағынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Айыппұлды алты ай ішінде өтеуі тиіс.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.