Павлодарда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 30 лифт алмастырылады
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 30 лифт алмастырылмақ.
Бүгінде аймақтағы лифттердің 70%-ы 25 жылдан астам уақыт бойы қызмет етуде. Яғни, қолданыс мерзімінен көп уақыт бойы пайдаланылып келеді. Нормативтік құжаттарға сәйкес көтергіштер алмастырылып отыру керек.
Қазір облыстағы көпқабатты үйлерде 1900-ден астам лифт жұмыс істеп тұр. 1200-і ескірген күйде. Осындай көтеру құралдары адам өміріне қауіпті болғандықтан, тез арада ауыстырылу керек. Сондықтан пәтер иелері мемлекеттік бағдарлама арқылы 8 жылға қомақты қаражатты қайтарымсыз несие негізінде алу мүмкіндігіне ие.
Коммуналдық кәсіпорын басшысы Айзат Мұқанның айтуынша, лифт бағасы жыл өткен сайын қымбаттап барады. Бүгінде Омбыда шығарылған қарапайым лифттің бағасы 12 млн теңгеден асқан. Ал былтырғы жылдары 8 млн теңгеге бағаланған. Бұл соманы тұрғындардың қалтасы көтермесі анық. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама аясында бөліп төлеуге болады.
Лифтті алмастыру үшін тұрғындардың 70%-ы келісімдерін беруі тиіс. Кейін мемлекеттік сараптама жүргізіледі. Біз өз тарапымыздан тиісті құжаттарды жинап, қаржылық өтініш жасаймыз. Бір көтергіштің бағасы пәтердің шаршы метрлері бойынша бөлінеді. Қаражат мемлекеттік бағдарлама бойынша пайыздық мөлшерлемесіз беріледі. Бір айда әр пәтер 1500-3000 теңгеден төлейтін болады. Сонымен қатар қызмет көрсетуші ұйымның басқа тарифі бар, - дейді коммуналдық кәсіпорын басшысы Айзат Мұқан.
Сервистік ұйым өкілдерінің айтуынша, облыста 50 жыл бойы пайдаланылып келген лифттер бар. Бұрынғы лифттер Өзбекстанның Самарқанд қаласында өндірілген. Қазір зауыт жұмыс істемейді. Сәйкесінше, қосалқы бөлшектерді табу қиындық тудыруда.
Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы мамандарының хабарлауынша, бүгінде 61 лифтті ауыстыру бойынша қорытынды бар. Олардың нормативтік мерзімі өтіп кеткен. Көтергіштерді жаңарту үшін 610 млн теңге қажет. Ескірген лифттерді тексеру бойынша жұмыстар жалғасын табуда.