Павлодарда Наурыз кеңінен аталып өтті
Ертіс өңірінің жоғары оқу орындары әз-Наурызды кеңінен атап өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Мәселен, Торайғыров университетінің ұжымы күн мен түннің теңелу мерекесін ұйымдастырды. «Ауыл - Думан» деп аталған мерекеде қонақтарды студенттер филармониясының әртістері өнер көрсетіп, жұртшылықтың көңілін көтерді.
Мерекелік алаңдарда арқан тарту, армрестлинг, гір спорты, асық ату бойынша спорттық жарыстар тартысты өтті. Сондай-ақ, жиналған адамдарға дәстүрлі тағам – Наурыз көже таратылды.
Наурыз мейрамын баршамызбен бірге шетелдік студенттер де қарсы алды. Олардың көпшілігі үшін көктем мерекесін бірінші рет тойлады. Балалар осы мерекенің тарихы туралы біліп, көшпенділердің салт-дәстүрлерімен танысты. Көктемгі күн мен түннің теңелу күні біздің жоғары оқу орнында бірлік пен сыйластық мейрамы ретінде тойланады, - дейді Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов.
Айта кетейік, жоғары оқу орнында соңғы уақытта шетелден келіп оқитын студенттер көбейген. Бүгінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, тіпті Африка құрлығының Нигерия мемлекетінің жастары өңірге білім қуып келіп жатыр. Олар халықаралық бағдарлама бойынша көбінесе техникалық мамандықтар бойынша оқып жатыр. Оқу орнының ұжымы оларға қазақ халқының, көшпенділердің мәдениетін таныстыру үшін ұлттық мерекелерді ерекше атап өтеді. Соның дәлелі игі дәстүрге айналған Ұлыстың Ұлы күні болса керек.