Павлодарда мысықтың үстіне сірке қышқылын шашқан әйел жазаланды

Павлодарда мысықтың үстіне сірке қышқылын шашқан әйелге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 наурызда Павлодар қаласының № 2 соты жануарға оның мертігуіне алып келген қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық теріс қылық бойынша істі қарады (ҚК 316-бабы 1-бөлігі).

Сот 23 қарашада Павлодар қаласындағы өз үйінде болған әйел ғаламтордан мысықтың үстіне сірке қышқылын құйсаң, енді ол жерге оралмайды дегенді оқығанын анықтады. Осыдан кейін әйел жануарға қатыгездік көрсетуге бағытталған қылмыстық ниеті пайда болған. Ол ойлағанын орындау үшін, асханалық сірке суын алып, кіреберістегі белгісіз тұқымды мысыққа қасақана төккен. Нәтижесінде мысық мертікті, - делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, құжаттамалық дәлелдемелермен және мал дәрігерлерінің қорытындысымен дәлелденді.

Әйелдің жасаған әрекеті қылмыстық теріс қылықтар санатына жатады және баламалы жаза түрлерін көздейді. Сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды: кінәсін толық мойындауын, асырауында екі жас балалардың болуын ескере отырып, әйелге 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 250 теңге сомасында айыппұл салды, - деп түсіндірді сот.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы