Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тегін жаттығу залы ашылды

Арбаға таңылған павлодарлық азамат мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесу мақсатында жаттығу залын ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Бақберген Қаламұш әскери жарақаттан соң жүре алмай қалған. Бір жылдық оңалтудан соң арбаға отырып, қозғала бастаған. Ауыр дертін жеңе алмаса да, өзі қатарлы балалар мен ересектерге көмек көрсетуді ұйғарған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында микронесие алып, жаттығу залын ашты. Күнделікті қозғалыссыз өмір сүре алмайтын азаматтар бұл жерде тегін жаттығады. Солардың қатарында Гүлшат Молдиярова да бар.

Мен дені сау адам едім. 2009 жылы аяқ астынан жол апатына түстім. Белім мен омыртқам орнынан қозғалып кетіп, жамбасым сынды. Сынған аяғыма отандық дәрігерлер ота жасады. Ал белімді Новосібір қаласында емдетуге тура келді. Қозғалыссыз күнім жоқ. Аяқ-қолды әрдайым жаттықтыру керек. Жаттығу залының ашылғанына қуаныштымын. Бұрын зал Павлодардың маңындағы Кенжекөл ауылында болатын. Барып жүруге уақыт көп кететін. Қазір жақсы, қаланың ішінде болғаны өте ыңғайлы, - дейді Гүлшат Молдиярова.

Бақберген Қаламұштың ағасы мүгедектерге арналған жаттығу құралдарын өз қолымен жасаған. Кейін мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тәжірибесімен бөлісуді жөн санап, гранттық бағдарламаға қатысты. 

Бір жыл бойы төсекке таңылып жаттым. Жанымда әкем болды. Көптеген жерде ем алғаннан соң, арбаға өздігімнен отыра бастадым. Ағам жаттықтырғыш құралдарды өз қолымен жасап берген. Бағасы да арзандау. Әрине, жаттығудан соң мүмкіндігі шектеулі азаматтар жүріп кетпейді. Десе де, күнделікті өмірде шайын ішіп, үйінің ішінде қозғала алса, жақсы болар еді. Соның өзі нәтиже. Оңалту орталығының мақсаты да осы. Бірінші зал Кенжекөл ауылында ашылды. Демеушілер шағын бөлме бөліп, демеушілер қаржылай қолдау көрсетті. Ол ақшаға қажетті және маңызды деген тренажерлерді сатып алдық, - дейді Бақберген Қаламұш.

5 млн теңге көлеміндегі грант жеті жаттығу құралын сатып алуға жетті. Қазіргі уақытта жаттығу жасауға балалар мен ересек адамдар келіп жүр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы