Павлодарда модульді казармалар ашылды

Ертіс өңіріндегі 5512 әскери бөлімі түрлене түсті. Мұнда сарбаздар үшін модульді типті казармалар ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Әскери бөлім 1989 жылы милицияның арнайы батальоны ретінде құрылды. Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен арнайы мақсаттағы бөлімшелерден құралған.

«Аналар жүрегі» комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллинаның айтуынша, казармалар сапалы салынған және ата-аналардың көңілінен шықты.

Балаларымыз заман талабына жабдықталған модульді казармаларда тұрады. Ғимараттың іші жылы, жайлы. Осындай заманауи казармалар сарбаздардың Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп шығу үшін ашылды, - дейді Л. Хайруллина.

Ғимарат қажетті құралдар және жиһаздармен қамтылған. Әр казарма 100 солдатқа шақталған. Атап айтқанда, модульдік казарма кезекші бөлмелер, демалуға, оқ-дәрілерді, қаруды сақтауға, қаруды тазартуға, жеке броньды қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдарын сақтауға арналған бөлмелерден құралған. Сондай-ақ, жауангерлер үшін демалыс, жатын, жуынатын бөлмелер, санитарлық торап, жаттығу залы, жауынгерлік дайындық сыныбы, спорттық зал, қойма, автотехниканы сақтау бокстары қарастырылған.

Бір қабатты казармалар ұнап жатыр. Күнделікті қызметімізге қажетті керек-жарақтардың барлығы бар. Спорттық дайындыққа көп көңіл бөле аламыз. Сабақтарға арналған сыныптар кең, жарық. Енді туыстарым алаңдамайтын болды. Себебі, біз үшін қолайлы жағдайлар жасалған, - дейді қатардағы жауынгер Нұрлан Тадж.

Айта кетейік, әскери бөлім үш жыл бұрын полк болып қайта құрылды. Бүгінгі таңда 200-ден астам әскери қызметші Павлодар қаласында қызмет атқарады. Сондай-ақ, 80 жауынгер патрульдеу шараларына тартылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық гвардияның баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы