Павлодарда мереке күндері жедел-жәрдемге жүгінгендер көп болды
Ертіс өңіріндегі жедел-жәрдем қызметіне мереке күндері түскен шақыртулар әдеттегі күндерге қарағанда 15-20%-ға көп болды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Демалыс күндері дәрігерлер 3652 рет шақырту алып, ауырып қалған тұрғындарға медициналық қызмет көрсеткен. Мамандардың айтуынша, шақыртулар, әсіресе, 24-ші наурыз күні көп түсті. Нақтырақ айтқанда, дәрігерлер бригадасы 789 шақырту бойынша жедел қызмет көрсетіп үлгерді.
Медициналық бригадалар, сонымен қатар, бұқаралық мерекелік шаралар барысында кезекшілік атқарды. Облыс орталығындағы мәдени шаралар кезінде 17 жастағы азаматшаға көмек көрсетілді. Бойжеткенге «вегетативті-тамырлы дистония» диагнозы қойылды. Ал Екібастұз қаласында жеткіншектің иығы шығып кетіп, жарақат алды. Оған да шұғыл көмек көрсетілді. Бес күн ішінде 550 пациент біздің көмегімізге жүгініп, олардың басым бөлігі ауруханаға жатқызылды, - дейді облыстық жедел-жәрдем станциясы директорының орынбасары Ольга Вербовая.
Осы күндері жол бойында болған апаттарға шығу деректері де көбейді. Мәселен, «Павлодар–Семей» бағытындағы республикалық маңыздағы тас жолында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан 64 жастағы зейнеткер зардап шекті. Ол облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Сол күні Екібастұз қаласында да жол апаты тіркеліп, ер азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Облыс орталығында да машиналар соқтығысып, бірнеше тұрғын зардап шекті. Айта кетейік, жедел-жәрдем бригадалары оқиға орнына 3-10 минут ішінде жетіп, қызметтерін мүдірмей орындады.
Облыс бойынша күнбе күн 70 бригада желіге шығып, кезекшілік атқарады. Олардың құрамында 200 дәрігер, фельшер және жүргізуші-парамедик бар.