Павлодарда мектеп өртеніп, бірнеше оқушы ауруханаға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда мектепте шыққан өрт салдарынан бес бала ауруханаға жеткізілген. Қазір зардап шеккендердің жағдайы тексеріліп жатыр.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, білім беру мекемесінде өрт шыққаны туралы хабарлама 15 сәуірде сағат 11.06-да түскен.

Үш қабатты мектептің үшінші қабатында кітап сақтау бөлмесінде өрт шықты. Жиһаздар мен кітаптар өртенді. Өрт аумағы 15 шаршы метр, - деді ведомство баспасөз қызметі өкілдері.

Өртсөндірушілер келгенге дейін 479 адам эвакуацияланған, оның ішінде 414-і бала.

Сағат 11.41-де өрт ауыздықталды. Өрт орнынан бес оқушы қыз жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Олар Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге облыстың Төтенше жағдайлар департаментінен 35 қызметкер мен 9 техника және Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жұмылдырылған.

Павлодар мектебіндегі өрттен бес қыз зардап шеккені белгілі болды. Дәрігерлер екі қызды тексеріп, ата-анасына тапсырған. 2008 жылы туған оқушыға жеңіл дәрежедегі түтіннен улану диагнозы қойылған.

Ал 2007 жылы туған оқушының күйзеліске реакциясы қатты. 2005 және 2006 жылы туған үш қыз бала көмірқышқыл газының уытты әсері диагнозымен соматикалық бөлімшеге шұғыл түрде жатқызылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы