1 Қазан 2026, 12:11 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Павлодарда мәдениет үйінің 69 қызметкеріне миллиондаған теңге қайтарылды

Қызметкерлерге тиесілі міндетті төлемдер уақытында аударылмаған. Прокуратура араласқаннан кейін 28 млн теңгеден астам берешек толық өтелді.

Павлодар облысында 69 қызметкерге 28 млн теңгеден астам қаражат төленді. Белгілі болғандай, Павлодар облысы прокурорының тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен өткен көшпелі кездесуінде Павлодар аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің еңбек құқықтарына қатысты заң бұзушылықтар анықталды.

Тексеру барысында бухгалтерлік есептегі кемшіліктер салдарынан 69 қызметкер үшін міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және басқа да төлемдер уақытылы аударылмағаны анықталды. Берешектің жалпы сомасы 28 млн теңгеден асты, - деп хабарлады облыстық прокуратура.

Прокуратураның ұсынымын қарау нәтижесінде барлық қызметкер алдындағы берешек толық өтелді.

Кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Осылайша, көшпелі кездесу барысында азаматтардың өтініші негізінде қызметкерлердің еңбек құқықтарына қатысты заң бұзушылық анықталып, тиісті төлемдердің толық өтелуі қамтамасыз етілді.