Павлодарда күйеуі гантельмен ұрған әйел оқиғаны баяндады
Павлодарда күйеуі гантельмен ұрған әйел оқиғаның қалай болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әйелдің сөзінше, ол оның бірінші іс-әрекеті емес. Осыған дейін де оның күйеуі оны таяқтың астына алатын болған. Ал өзін мүгедек еткен оқиғаның себебі – қызғаныш дейді ол.
Жазда туысқанымнан қызғанды. Кейін "Біз қазір өлеміз" деп балаларға айтып, жуынатын бөлмеге кіргізіп, пышақпен қинады. Ұлым есікті қағып, "Не болып жатыр?" деп сұрады. Мен балама зияны тиер деп"Әкең мені жуындырып жатыр" деп айттым. Күйеуім пышақпен мені қылқындыра бастады. Өлген жерім осы дедім. Содан соң гантельмен басымнан ұра бастады, – дейді ол.
Зардап шеккен әйел жарты күн қансырап еденде жатқан. Ал әкесі балаларына есікті ешкімге ашпау керектігін тапсырып, үйден шығып кеткен. Әйелді оның туысқаны мен дәрігерлер құтқарып қалған. Бірақ қазір оның бір көзі түбегейлі көрмейді.
Қазір полиция "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен іс қозғады. Қазір күдікті Алматыдағы психиатриялық ауруханада.