Павлодарда көркем гимнастикаға арналған жаңа ғимарат салынады

Құрылыстың жобалық мерзімі 15 айды құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы бірнеше жыл ішінде «Баянтау» спорт кешенінде және басқа да жалға алынған залдарда жаттығатын балалардың ата-аналары көркем гимнастикаға арналған арнайы спорт ғимаратын салу мәселесімен жүгінген.

Өңір басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасымен өткен жылы облыстың құрылыс басқармасы заманауи көркем гимнастика орталығының ғимаратын жобалау жұмыстарын бастады.

Жалпы ауданы 7 633,6 шаршы метрді құрайтын ғимаратты «Спорт-Сити» спорт кешенінің аумағында орналастыру жоспарлануда. Ол үш блоктан тұрады, орталық блоктың биіктігі 18,6 метр, екі жағы – 15 метр.

1 қабатта халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған гимнастика залы, оқу-жаттығу залдары, бассейн, тамақтану залы бар асхана және т.б. орналасады деп жоспарлануда. 2 қабатта – хореографияға арналған залдар, конференц-зал, 278 орындық көрермендер трибунасы болады, – делінген хабарламада.

Жаңа орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау бойынша жұмыстарды ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Содан кейін қаржыландыру мәселесі қарастырылатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы