Бүгiн 2026, 10:44 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Павлодарда «көмекке келген» фельдшер науқастардың ақшасын жымқырып, несие де рәсімдемек болған

Павлодар облысында науқастардың сеніміне кіріп, ақшасын жымқырған фельдшер сотталды

Павлодар облысы Железин аудандық соты қызмет бабын пайдаланып, пациенттердің банк қосымшаларынан ақша ұрлаған және алаяқтық жасауға оқталған медицина қызметкеріне қатысты үкім кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сотта анықталғандай, 2025 жылдың желтоқсан айында фельдшер болып жұмыс істеп, өзінің қызмет бабын және пациенттердің сенімін пайдалана отырып, олардың ұялы телефондары мен банк қосымшаларына бірнеше рет қол жеткізгені анықталды. Көмек көрсету сылтауымен ол құпия сөздерді біліп алып, заңсыз операциялар жасаған.

Бір жағдайда ол пациенттің шотынан бөгде шотқа 50 000 теңге аударған. Басқа эпизодтарда пациенттердің атына несие рәсімдеуге әрекет жасаған, сондай-ақ банк карталарының деректерін үшінші тұлғаларға беру арқылы ақшалай қаражатты жымқырған.

Жалпы келтірілген залал сомасы 300 000 теңгеден астам.
 
Сот талқылау барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінгенін білдіріп, келтірілген залалды толық өтеді.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде – кінәсін мойындауын, өкінуін, жас балаларының болуын, залалды өтеуін ескере отырып, фельдшерды барлық баптар бойынша кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, - деп хабарлады Железин аудандық сотының баспасөз қызметі. 
Үкім заңды күшіне енді.