Павлодарда кезекте тұрған 300-ге жуық адам баспана алды

Бүгін Павлодарда үй кезегінде тұрған 288 адамға жалға берілетін пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Павлодар облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Ладожская көшесі, 17 мекенжайы бойынша бой көтерген тұрғын үйге жетім балалар, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал отбасылар санатындағы азаматтар қоныстанды. Бүгінде әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам павлодарлық тұр.

Облыс әкімі Асайын Байханов баспаналы болған қоныс иелерін құттықтады.

Осы жылдың наурыз айында кезекте тұрғандардың үш санатына 210 пәтер бердік. Ал, бүгін көптен күткен пәтер кілттерін Павлодардың үй кезегінде тұрған 288 жанға табыстағаныма өте қуаныштымын. Сіздердің кейбіріңізге бұл күнді 19 жылдан астам уақыт күтуге тура келгенін білемін. Облыс басшылығы атынан ұзақ күттіргеніміз үшін кешірім сұраймын және түсіністік танытып, шыдамдылық таныта білгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Биыл тағы 250 пәтер тапсыратын боламыз, бірақ, олар «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында әлеуметтік-несиелік тұрғын үй бағыты бойынша беріледі, - деді өңір басшысы.

Өңір басшысы «Достық» шағын ауданының құрылысы жалғасатынын атап өтті. Жайлы мектеп салынуда, балабақша, емхана, мұз аренасы, концерт залы, мешіт салу жоспарланған. Қалалық қоғамдық көлік қозғалысы, оның ішінде трамвай бағыттарының желілері ұзартылатын болады.

Әлеуметтік баспана иелерінің бірі Моңғолияның тумасы, қандас Жанат Дауан. Ол жұбайы Мағрипа Канкөнеймен бірге 8 бала тәрбиелеп отыр.

2006 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Мойылды ауылында тұрдық. Тұрғын үй кезегінде шамамен 17 жыл тұрдым және ешқашан үмітімді үзген емеспін. Мен мемлекетке өте ризамын, бұл біздің көптен күткен қуанышымыз, - дедіі көпбалалы отбасының отағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Валерий Бугаев, Әлібек Дженалинов
Өзгелердің жаңалығы