Павлодарда көпбалалы 14 отбасының тұрғын үй мәселесі шешілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында әлеуметтік әлжуаз топқа жататын және көпбалалы отбасылар жалдамалы және уақытша тұрғын үйлерге көшірілді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тайкебаева мәлім етті.
«Партиямызға жүгінген отбасылардың көбісін ең алдымен баспана мәселесі алаңдатады. Қазіргі уақытта 14 отбасының тұрғын үй мәселесі шешілді. Оның ішінде 9 отбасы жалдамалы және уақытша тұрғын үйге (Екібастұз қаласы) көшірілді. Екі отбасына пәтер жалдауға демеушілер қаржы бөлген. 1 отбасы бюджет қаражаты есебінен пәтерге ие болды (Баянауыл ауданы). 1 отбасыға жалдамалы коммуналды пәтер бөлінсе (Шарбақты ауданы), 1 отбасыға коммуналдық меншіктегі пәтер берілді (Май ауданы)», - деді Жұлдыз Тайкебаева.
Спикер облыста ауылға көшіп барғысы келетін отбасыларды көшіру тәжірибесі басталғандығын да атап өтті.
«7 отбасы ауылдық жерге көшіп баруға ниет білдірген. Екі отбасы көшті. Оларға үй беріліп, жұмысқа орналасты. Қазір әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Енді Тереңкөл және Баянауыл аудандарына баратын отбасылар бар. Олардың баспана мәселесі қарастырылуда. Алдыңғы аудандарда үй дайын болды», - деді ол.
Сонымен қатар, Жұлдыз Тайкебаева облысымызда 2019 жылы көпбалалы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арендалық үй беруге 1 млрд 883 млн теңге бөлінгенін айтты. Оның 1 млрд 523 млн теңгесі республикалық, 359 млн теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған.
«Өткенде өңіріміздегі Nur Otan партиясының жиынында берілтен арендалық үйлер туралы нақты сандар айтылды. 1285 пәтерлі 21 тұрғын үйдің жобалық сметасы дайын. Тоғыз қабатты 2 үй Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында, тоғыз қабатты 10 үй Екібастұзда, бес қабатты 4 үй Ақсуда, тағы 5 ауданда 2 және 24 пәтерлі үй салынады», - деді Жұлдыз Тайкебаева.