Павлодарда ескірген ғимараттардың орнына заманауи мектептер бой көтерді

Павлодар облысында апатты мектептердің мәселесі шешілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі шешілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің облысқа барған жұмыс сапары барысында белгілі болды. 

Өңір әкімдігінің хабарлауынша, жарамсыз, ескірген ғимараттардың орнына заманауи үш мектеп бой көтерген. 

Осы жылдың қазан айында Железин ауданы Моисеевка ауылында, қараша айында Баянауыл ауданы Қаражар ауылында мектептер пайдалануға берілді. 

Павлодар ауданы Сычевка ауылында жаңа мектептің құрылысы аяқталуда. 

Үш ауысымды мектептердің мәселесін және оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен Ш. Шөкин атындағы орта мектепке қосалқы құрылыс нысаны пайдалануға берілді. 

Бұдан басқа «Жайлы мектеп» жобасы аясында биыл облыста 1800 орындық екі мектептің құрылысы басталды. Ал 2024 жылы 3600 орындық үш мектеп салу жоспарлануда. 

«Заманауи мектеп» жобасы бойынша облыстағы үш қалада 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Сондай-ақ 54 мектеп жаңартылып, 33 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 

Айта кетейік, Павлодар облысында барлығы 361 мектеп бар, онда 116 мың оқушы білім алуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы