Павлодарда Ертіс өзенінің жайылымы әуеден өңделе бастады

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде шыбын-шіркеймен күрес бойынша кешенді жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта өзеннің жайылымдық жерлері әуеден өңделе бастады.

Энтомолог мамандардың айтуынша, бүгінде қансорғыш жәндіктер қуыршақтану деңгейіне өткен. Алдағы күндері дернәсілдер қанатқа тұрып, ұшады. Кешенді улау шаралары жеті мың гектар аумақта жүргізіледі.


Улау жұмыстарына биопрепараттар қолданылады. Мердігер ұйым директоры Бауыржан Жанақовтың хабарлауынша, биылғы жылы қолданыстағы препараттардың тиімділігі жоғары.

Біз ұнтақ тәріздес препараттарды сатып алдық. Ерітіндіні улау аумағында әзірлейміз. Кейін Ертіс өзеніне баржалардан құямыз. Ал әуеден улау жұмыстарына АН-2 ұшақтары пайдаланылады. Ұшақ ауаға биопрепараттың 1200 литрін көтеріп, шашады. Бұл көлем жайылымдық жерлердің 1200 гектарын өңдеуге жеткілікті. Биопрепарат қоршаған орта мен жануарлар әлеміне зиянын тигізбейді, - дейді Бауыржан Жанақов.

Bacillus thuringiensis атты бактерия дернәсілді жойғанда қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейді.

Мамандардың айтуынша, үш тәуліктің ішінде 9 әуеаумақты өңдеу жоспарланған. Уақыт өтіп кетсе, жәндіктер таралып кетуі мүмкін. 

Айта кетейік, өңірде дезинсекциялық жұмыстар әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асырылуда. Кешенді жұмыстардың барысын қоғамдық белсенділер жіті бақыламақ.

Еске салсақ, Ертіс өңірінде қансорғыш жәндіктерге қатысты мәселе өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері белгілі. Сол сәттен бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл күреске 600 млн теңге бөлінген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы