Павлодарда еркін күрестен республикалық турнир өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Павлодар қаласындағы "Баянтау" спорт сарайында ерлер арасында еркін күрестен республикалық турнир өтеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Турнир еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, академик, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Амангелдіұлы Усинді еске алу үшін ұйымдастырылып отыр. Белгілі бапкер атындағы турнир алғаш рет өткізілуде. Болашақта оны халықаралық деңгейге көтеріп, дәстүрлі жарысқа айналдыру жоспарлануда. 

Турнирге еліміздің әр өңірінен мықты спортшылар жиналады деп күтілуде. Бұл жарыс алдағы Азия чемпионатына іріктеу додасы болмақ. Сары құрлық бәсекесі 2020 жылдың ақпанында Үндістанда өтеді. Сондықтан жарысқа кем дегенде спорт шеберлігіне үміткерлер қатысады. Оның үстіне балуандар Токио Олимпиадасы алдында дайындықтарын бір пысықтап алмақ, – дейді еркін күрестен Павлодар облысының бас жаттықтырушысы Ержан Қыстаубаев. 

Бас бапкердің сөзінше, турнирде Павлодар облысының бірінші нөмірлі балуандары бақ сынайды. Олардың қатарында Жанат Усиннің де шәкірттері бар. Атап айтқанда, бұл сында өңір намысын Әбдіманап Байкенже, Ербұлан Сарқытбаев, Саятбек Оқасов, Мамед Ибрагимов, Дәулет Шабанбай секілді шеберлер қорғайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы