Павлодарда еріктілер қозғалысын дамытуға оқушылар да атсалысады

Павлодар. BAQ.KZ. Ертіс өңірінің мектептерінде жаңа 30 волонтёрлік клуб ашылады. Бұл құрылымдар оқушыларды еріктілікке үйрету, жастарды волонтёрлер қатарына қабылдаумен айналыспақ.

Облыстың ірі оқу орындарында волонтёрлер жылы ресми түрде ашылып, маңызды жобалар жүзеге асырыла бастады. Игі істер көшінен қалыс қалмағандардың қатарында облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да бар. Ашылу рәсіміне тәжірибелі еріктілер шақырылып, ұл-қыздардың идеяларын тыңдады. Жастарға бағыт бергендердің қатарында "Әлеуметтік волонтёрлік орталық",
"Аңкөңілділер клубы", "Қазақстан қызыл ай қоғамы" сияқты үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері болды.

Мектепте еріктілер қозғалысы жақсы дамып келеді. Ең бастысы, оқушылардың ынта-жігері зор. Олар жақсылық әрқашан қайтып келетінін қаперге алып, көмекке зәру азаматтарға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Оқу орнында бұған дейін "Забота", "ЮНЕСКО" атты ұйымдар болса, биыл "NIS volunteers" жаңа клуб аштық, - дейді мамандар.
Осы жылы оқушылар қауымы экологиялық, әлеуметтік бағыттарда 10-нан астам жобаны жүзеге асырмақ. Еріктілер жылы аясында мектеп әкімшілігі аймақтағы қоғамдық бірлестіктермен меморандумға қол қойып, бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Волонтёрлер қозғалысының негізгі идеясы - бір-бірімізге бейжай қарамау, көмек көрсету. Бұл игі істер өмірде өз орнымызды табуға және "Келешекте кім боламын?" деген сұраққа жауап табуға сеп болады, - дейді "Забота" мектебінің мүшесі Әлтәйір Бралинов.
Айта кетейік, бүгінгі күні Назарбаев мектебінде 700-ге жуық оқушы білім алады. Олардың қатарында еріктілікті күнделікті өмірлерінің ажырамас бөлігіне айналдырғысы келетіндері аз емес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы