Кеше 2026, 22:24 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Павлодарда ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасады

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Павлодарда ер адам жедел медициналық жәрдем бригадасына шабуыл жасап, қызметтік көлікке зақым келтірді. Оқиға 10 маусым күні Назарбаев даңғылы, 89 мекенжайындағы аулада болған. Бұл туралы жергілікті Pavlodarnews.kz порталы хабарлады.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, сағат 14:57-де «103» қызметіне көшеде белгісіз адамның жатқанын хабарлаған қоңырау түскен. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер азаматқа көмек көрсетуге әрекеттенген кезде, ол агрессия танытып, пышақпен қорқыта бастаған.

Кейін ер адам жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне шабуыл жасап, дене жарақатын салған. Бұдан соң реанимобиль салонына кіріп, медициналық жабдықтарды бүлдірген. Ол дәрі-дәрмек салынған ампулаларды сындырып, медициналық құрал-жабдықтарды көліктен сыртқа лақтырып жіберген.

Оқиғадан кейін медицина қызметкерлері полиция шақырып, құқық қорғау органдарына арыз жазды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.