Павлодарда ер адам бұрынғы әйелінің көлігін өртеуге тапсырыс берген
Екі адам алдын ала сөз байласып, көлікті өртеп жіберген.
Павлодарда ер адам бұрынғы әйелінің көлігін өртеуге тапсырыс берген. Сот өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою бойынша істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында екі адамның алдын ала сөз байласып, өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою, аса ірі залал келтіруге алып келген айыптау бойынша Н. және Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта Н.-ның бұрын некелік қатынаста болған жәбірленуші З.-ға тиесілі «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігін өртеп жіберуді ұйымдастырғаны анықталды.
Н. қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін, туысы Б.-ға ақшалай сыйақы беруді уәде етіп тартады. Б., алдын ала сөз байласу бойынша 2024 жылғы 4 тамызда жанар-жағармай құю бекетінен 1 литр бензин сатып алып, содан кейін шамамен сағат 02:20-да Павлодар қаласындағы жәбірленушінің тұрғылықты жеріне келіп, тұрақтағы автокөліктің капотына бензин құйып, өртеп жіберген. Сарапшының қорытындысына сәйкес, көлікті қалпына келтіру мүмкін емес деп танылды. Келтірілген залал 24 873 230 теңгені құрады, аса ірі деп саналады, - деп хабарлады Павлодар облысы сотының баспасөз қызметі.
Сотталушылар кінәларын мойындамай, ақтауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлілердің жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың (олардың асырауында кәмелетке толмаған және жас балалардың болуы), жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылды, Н.-ға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру; Б.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, - делінген хабарламада.
Жәбірленушінің материалдық залал мен сот шығындарын өндіру туралы азаматтық талап қоюы қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Астанада сауда орталығы маңында әдейі өрт қойған адам ұсталған болатын.