Павлодарда депутат халықпен ішкі су тасымалы мәселелерін талқылады

Мәжіліс депутаты, Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Павлодар облысында жұмыс сапарымен жүр. Ол елдегі жалғыз «Эллинг ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кеме жөндеу зауытында болып, «Қазфлот» жеке кәсіпкерлігі басшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпкерлер депутатқа ішкі су тасымалы саласындағы проблемалар туралы айтып берді. “Қазфлот” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Виктор Поднебесовтың айтуынша, кәсіпорнының қарамағында тоғыз кеме бар. Олар: теплоходтар, баржалар, тартқыштар және өзен крандары. Олардың жартысы жөнделді, ал қалғаны күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар бірқатар логистикалық мәселе де өз шешімін тауып жатыр.

Былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздің үш су бассейні – Атырау, Арал және Ертіс өзендерінің көлігі мен инфрақұрылымын қалпына келтіруге 64 млрд теңге бөлінетінін мәлімденген болатын. Оның 27 миллиард теңгесін Көлік министрлігі биыл су көлігі мен инфрақұрылымды дамыту және күтіп ұстау бағытында игеруге тиіс, – деді Магеррамов.

Мәжіліс депутаты ішкі су тасымалының дамуы мен қауіпсіздігінің екі құрамдас бөлігін – жағалаудағы көлік инфрақұрылымы мен сапалы жөндеу базасын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Мұның барлығы Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында айтылған көлік-логистика саласын дамыту бағытындағы тапсырмасын табысты іске асыруға ықпал етеді.

“Эллинг ПВ” серіктестігі – Қазақстандағы жалғыз кеме жөндеу кәсіпорны. Оны Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолдау арқылы сақтап қалды деуге болады. Нәтижесінде Бас прокуратура бірқатар талаптың бұзылғандығын анықтады. Оларды жою үшін мектеп салу мақсатымен серіктестіктің жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қабылданған бұрынғы шешім жойылды.

Сонымен қатар Магеррам Магеррамов өзен флотының дамуы бүкіл облыстың өркендеуінде ерекше рөл атқаратынын айтып, отандық кәсіпкерлерді қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Былтыр өзен флоты бюджетке 20 млрд теңге пайда әкелген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы