Павлодарда биыл азаматтарға 440-тан астам өтеусіз грант берілді
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға 644,6 млн теңге сомасына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 442 грант берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Pavlodarnews.kz таратқан мәліметке сәйкес, олардың жартысына жуығы – көпбалалы отбасыларға.
Алушылардың санаттары бөлінісінде 200 грант көп балалы отбасыларға, 83 грант – мүгедек адамдарға, 49 – мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата – аналарға, 25 – атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 20 – асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға, 65-Басқа санаттарға берілді.
Өтеусіз гранттар: мал шаруашылығына – 176, өсімдік шаруашылығына – 7, мүкәммалды, еңбек құралдарын сатып алуға – 87, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 159 берілді.
Жобаға қатысушылардың көпшілігі грант алып, өздерінің бизнес-жобаларын табысты жүзеге асыруда.
Естеріңізге сала кетейік, қайтарымсыз гранттар конкурстық негізде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өтініш берілгенге дейін жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде (тіркеу мерзімі үш жылдан аспайтын) тіркелген жағдайда беріледі.