Павлодарда бір түнде бірнеше құқық бұзушы ұсталды
Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөліміне «Курганов» жеке кәсіпкерлігінің кәсіпкері шағымданады. Оның айтуынша, 26 қазан түнгі сағат 01:40 шамасында «Сібір» дүкенінен белгісіз азамат 70 000 теңге көлемінде қолма-қол ақша ұрлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінен қала тыныштығын күзетуге шыққан әскери жасақтар кәсіпкер шағымы бойынша шұғыл ақпарат алып, ұрыны іздеуге кіріседі. Жедел әрекеттер нәтижесінде ұландықтар хабарламада айтылған күдіктіге ұқсас 37 жастағы ер адамды ұстап, мән-жайды нақтылау мақсатында оны Павлодар қаласының полиция бөліміне жеткізеді. Тексеру кезінде күдіктінің аталған фактіге тікелей қатысы бары анықталып, ҚР қылмыстық кодексі 188-бабының 1-бөлігі (яғни, «ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Осы кеште Катаев көшесінде қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген тағы бір әскери жасақ сол маңдағы үйлердің ауласында өзін сезікті ұстаған жас жігітті байқайды. Әскерилерді көрген ол өзінен-өзі қашуға әрекеттенген. Алайда ұландықтар оны тоқтатып, мазасыздануының себептерін тексереді. Сырттай тінту кезінде ұсталған адамның күртешесінің қалтасынан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат табылады. Ұландықтар оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақыртады. Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың есірткі екенін анықтады. Бұл факт бойынша күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі («Есірткі заттарын заңсыз тасымалдау») қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Сол түнде 5512 әскери бөлімінің сарбаздары қызмет барысында тағы бір тәртіп бұзушыны ұстады. Сұрағанов көшесінде әскери жасақты көрген ер адам, бойын тасалап, жасырынбақ болған. Павлодар қаласы № 4 полиция басқармасының көмегімен жеке құжатындағы мәліметтерді базаға енгізу нәтижесінде, Р. есімді бұл азаматтың ҚК 187-бабы 1-бөлігі («Ұсақ ұрлық») бойынша іздеуде жүргені анықталды. Күдікті тәртіп сақшыларына тапсырылды.