Павлодарда бір күнге жоғалып кеткен 5 жасар баланың ата-анасы жазаланды
Павлодарлық полицейлер көпқабатты үйдің ауласынан үлкендердің қарауынсыз табылған бес жасар Алидің ата-анасына айыппұл салды, деп хабарлайды BAQ.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ерлі-зайыптыларға кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған.
Полиция 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салды. Ол төленіп қойды, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Отбасы туралы кейбір деректер де белгілі болды. Ерлі-зайыптылар мен олардың сегіз баласы – Қазақстан азаматтары емес.
Балақайдың әкесі – Тәжікстан азаматы, ал анасы мен балалары – Ресей азаматтары. 31 наурызда бұл көпбалалы отбасы Астанадан Павлодарға көшіп келіп, қала орталығынан үш бөлмелі пәтер жалдаған. 36 жастағы отағасы ауысыммен жұмыс істейді, ал 37 жастағы әйелі балаларға қарайды, – деді Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакенова.
Оның айтуынша, Әлиді ата-анасы табылғанша түнде орналастырған балаларды қолдау орталығына алғашқылардың бірі болып барған. Кейін Шакенова көпбалалы отбасына да барып шыққан. Айтуынша, отбасының үлкен баласы – 13 жаста, ең кішісі – 1 жаста.
6 сәуір күні балалар үлкен ағасымен бірге серуендеуге шыққан. Отбасы тұратын үйдің ауласында балалар алаңы болмағандықтан, олар көрші аулада ойнаған. Бәлкім, жасөспірім Әлиді көзден таса қалдырып, кешке оның оралмағанын байқамай қалған. Анасы сол күні өзін жайсыз сезініп, кішкентай қызымен бірге демалуға жатқан. Ол әрдайым үлкен балалардың кішілерге қарауын әдеттегідей қалыпты жағдай деп санаған. Таңертең әкесі түнгі кезектен келгенде, таңғы ас ішу кезінде Әлидің жоқ екенін анықтаған. Ата-анасы сыртқа жүгіріп шығып, баланы іздей бастаған, көршілер мен өтіп бара жатқан адамдардан сұраған. Бір әйел телефонынан табылған бала туралы жарияланымды көрсетіп, содан өз баласын таныған, – деді Шакенова.
Сондай-ақ ол отбасының төрт үлкен баласы онлайн мектепте оқитынын айтты. Отбасы өз елдерінен алатын жәрдемақы есебінен күн көреді.
Бұған дейін хабарланғандай, ата-анасына айыппұл салумен қатар, олардың ісін Павлодардағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қарау жоспарланған еді. Алайда бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл мәселені артық деп санайды.
Ата-анасы мен балалары – Қазақстан азаматтары емес. Бірде-бір бала мектепке де, балабақшаға да бармайды. Бұл отбасыға қатысты қосымша шаралар қолдану орынсыз деп есептеймін. Полиция оларды айыппұлмен жазалады, – деді Шакенова.
Полиция табылған баланың ата-анасын іздестірген еді. Сегіз балалы әке бір ұлын қалай жоғалтып алғанын айтып берген еді.
Еске сала кетейік, бес жасар бала 6 сәуір кешке көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан табылған. Жолдан өткен адамдар полиция шақырған. Тәртіп сақшылары баламен бірге жақын маңдағы үйлерді аралағанмен, оның тұратын жерін анықтай алмаған. Әли балаларды қолдау орталығына жеткізілді. Ол тек өзінің есімін ғана айта алған. Ата-анасы 7 сәуір таңертең табылды.
Кейінірек әкесі түсіндіргендей, бала тек тәжік тілінде сөйлейді, сондықтан полицейлердің сұрақтарын түсінбеген.
Айта кетейік, Әлидің оқиғасы әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Қайырымды адамдар отбасына 40 мың теңгеге жуық айыппұлды төлеуге көмектесу үшін қаражат жинауды ұсынды.