Павлодарда балконнан секірмек болған қария құтқарылды

Павлодарлық полиция қызметкерлері қарт павлодарлықты құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық ПД сілтеме жасап.

29 маусым күні сағат 03:40 шамасында "102" операторының пультіне Н. Назарбаев даңғылы бойындағы 91-ші үйдің 8-қабатының балконында ер адамның асылып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жанат Данияр, Нұржан Қалиев, Дамир Дүйсембаев және Бауыржан Нұрғазынов жетті.

Біз барған кезде ер адам 8-ші қабаттың балконынан ұсталып асылып тұрды. Біз бірден 8-ші қабатқа көтерілдік, оған тек оның пәтері арқылы ғана кіруге мүмкіндік болды. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге пәтердің есігін ашып, балконға өтіп, бір қызметкер төмен түсіп, ер адамды денесінен байлап, бірге жоғары шығардық. Ер адам еңсесі түскен жағдайда болып, ештеңе түсіндіре алмады. Бөлмеде біз оны құшақтап, онымен тілдесіп, оның жақындарына керек екендігін айттық. Сол сәтте біз үшін ең бастысы - адамды құтқару болды. Әр секунд рөл атқарды, – дейді қызмет инспекторы Нұржан Қалиев.

Белгілі болғандай, мұндай әрекетке ер адамның туыстарымен жанжалы себеп болған.

Кейін полицейлер оны жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Полиция департаментінде облыстағы тәртіп сақшылары күн сайын азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызметке кірісетінін атап өтті. Оларды қылмыстық әрекеттерден қорғайды және қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға көмектеседі. Айта кетерлігі, бұл мұндай бірінші жағдай емес.

Азаматтарға көмектесу, халыққа қажет болу – біздің тікелей міндетіміз. Отанға, азаматтарға адал болуға Ант қабылдай отырып, әрқайсымыз полиция қызметі адалдықты, батылдықты, адамдарды құтқару үшін өмірі мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды қажет ететінін түсінеміз,- дейді павлодарлық полиция қызметкерлері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан кадр
Өзгелердің жаңалығы