Павлодарда балаларымен бірге терезеден секірген әйел ауруханадан шығарылды

Павлодарда балаларымен бірге терезеден секірген әйел 26 тамызда ауруханадан шығарылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық, ол арнайы мекемеге жіберілді. Оқиға бойынша қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациенттің жағдайы қанағаттанарлық.

Әйелге екі өкше сүйегіне және екі иық сүйегіне остеосинтез жасау операциялары жүргізілген.

Ол 26 тамыз күні ауруханадан шығарылып, әрі қарай бақылау үшін арнайы мекемеге ауыстырылды.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 30 шілдеде Павлодардағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Әйел алдымен бір жарым жастағы және жеті жастағы балаларын терезеден лақтырып, артынша өзі секірген. Үшеуі де кіреберіс шатырдың үстіне құлап, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, бірнеше күннен кейін кенже бала қайтыс болды.

Қайғылы оқиғадан аман қалған бала қалаға оралғысы келмейтінін айтқан.

Аталған дерек бойынша "кісі өлтіруге оқталу" және "өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мәліметінше, әйел бұрыннан арнайы медициналық мекемеде есепте тұрған. Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы