Павлодарда әйгілі ғалымға арналған тағзым тақтасы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда Saryarqa samaly газетінің алғашқы редакторына тағзым тақта ашылды. Павлодар облыстық «Кеңес туы» (қазіргі Saryarqa samaly) газетінің тұңғыш редакторы, түркітану мектебінің негізін қалаушы, академик, жазушы Бейсембай Кенжебайұлына арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Бейсембай Кенжебайұлы ғалым, түркітанушы, әдеби сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған. 1929 жылы тұңғыш Павлодар округінің «Кеңес туы» атты газетінің негізін қалап, басшылық еткен белгілі публицист, ұйымдастырушы.

Бейсембай Кенжебаев небәрі 25 жасында баспа құралдарын әкеліп, газеттің іргетасын қалады. Тарихта орны бөлек, тау тұлға азамат ретінде қалады. Жеке бастың қамы емес, ұлттық мүддеде еңбек етіп, қазақ халқының айтылмай жатқан дүниелерін Кеңестің қытымыр заманында батыл айта білген. Сол үшін талай таяқ жеді. Қазір қазақ энциклопедиясы саналатын «Абай жолын» алғаш баспадан шығарды. Сол заманда Әуезовтың жолын ашқан осы Бейсенбай Кенжебаев. Тақтаға «тағзым тақта» деп жаздық. Өйткені, осындай ұлы тұлғаға біздер өмір бойы тағзым етуіміз керек, - деді ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде сенатор Алтынбек Нухұлы.

Бейсенбай Кенжебайұлының ұрпағы химия ғылымдарының докторы Қайрат Қадырбеков аталары ғылымда өз мектебін қалыптастырғанын айтты.

Бейсенбай атамыз үлкен ғалым. ҚазМУ-де жүрген кезде 42 ғылым кандидатын, 3 ғылым докторын дайындапты. Олардың бәрі елге белгілі жазушы, ғалымдар. Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков деп тізіліп кете береді. Ол кісінің өзінің ұстаздары да мықты болды. Мәскеуде Міржақып, Бейімбеттердің жанында жүрді, - деп атап өтті Қайрат Қадырбеков.

Бейсембай Кенжебаев – қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай Құнанбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жамбыл Жабаев, Мұхамеджан Сералин, Мұхтар Әуезовтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын Бұхар жыраудан басталады деген жансақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген.

Көркем проза және аударма саласында да көп еңбек еткен. 1928 жылы «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген. Пушкиннің шығармаларының қазақша библиографиялық көрсеткішін жасаған. Көптеген орыс және шетел жазушы-ақындарының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. «Ленин» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы