Павлодарда ауыл халқының саны көбейіп келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірлік көші-қон саясатының негізгі бағыттарымен танысты.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Еңбек» мемлекеттік нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 2017-2021 жылдары облысқа 11388 адам немесе 2413 отбасы көшіп келді. Олардың ішінде, 2162 қандастар мен 9226 көшіп келушілер. Қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың жыл сайынғы өңірлік квотасы 100%-ға орындалады.
Е.Тоғжанов Үкімет тарапынан азаматтарды жаңа жерге интеграциялау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын, жеңілдіктер берілетінін, жұмыс орындары ашылатынын атап өтті.
Павлодар облысы – қоныс аударушылар бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көшбасшы, сол үшін өңір басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл бағдарлама бойынша адамдар жұмыс күші артық өңірлерден ғана емес, шетелден де көшіп келеді. Қандастардың еліміздің игілігіне қосқан үлесін ұмытпау керек, — деді вице-премьер.
Мысалы, Динара Сайдуалиеваның отбасы Шымкент қаласынан Кенжекөл ауылына көшіп келді. Оның жұбайы «Әди» шаруа қожалығына жұмысқа орналасты. Олар бес ұл және бір қыз тәрбиелеп отыр. Көшіп келушілерге екі миллион теңгеге жуық субсидия төленді.
Сайдуалиевтер отбасы мұнда оларды жылы қабылдағанына өте қуанышты екенін айтып, жерлестерін Павлодар облысына көшуге шақырды.
Бізбен бірге Түркістан облысынан тағы алты отбасы келді. Көшуімізге көмектесіп, жан-жақты қолдау көрсеткендердің барлығына алғысымды білдіремін, — деді Динара Сайдуалиева.
Биыл қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау квотасы 3600 адамды құрайды. Бүгінгі күні өңірлік квотаға 1257 адам немесе жоспардың 34,9% енгізілді. Қоныс аударушылардың ең көп саны Павлодар және Екібастұз қалаларына келді. Облыстың Ақтоғай, Павлодар және Успен аудандарында квотаның орындалуы орташа көрсеткіштен жоғары.
Еңбек күшін көшіру еліміздегі жұмыс күші артық өңірлерінен жүзеге асырылады. Көшіп келушілердің басым көпшілігі Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарынан келеді. Олардың қатарында білім беру және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мамандар көп.
536 еңбекке қабілетті азаматтар ішінен 369 адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, 6адам грант алды және 1 адам оқуға жіберілді. Қоныс аударушылардың ең көп саны ауылдық жерлерде және облыс қалаларында қоныстанды.