Павлодарда әскери бөлімде «Ашық есік күні» шарасы өтіп жатыр

Ертіс өңірінің әскери бөлімдерінде оқушыларға арналған «Ашық есік күні» шаралары ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Бағдат Амангелдінің хабарлауынша, қоғамдық шара 5512 әскери бөлімінде өтті. Оған Павлодардағы ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері шақырылды.

Өскелең ұрпақты әскери қызметпен таныстыру және отансүйгіштікке баулу мақсатында әскеи бөлім бойынша экскурсия, казармалық ғимараттар, сабақ өтетін сыныптар көрсетілді. Студенттер сарбаздардың бір күнімен жақынырақ танысты. Экскурсия шеңберінде жауынгерлік дайындық элементтері де паш етілді. Жастар, сонымен қатар, әскери құрылымның тарихы туралы сыр шертетін музейде де болды, - дейді Бағдат Амангелді.

Әскери қызметшілер студенттерге жауынгерлік техника мен қару-жарақтарды көрсетті. Ал кинолог-мамандар қызметті иттерді жаттықтыру бойынша дайындық курсын көрсетіп, жан-жақты ақпарат берді.

Сала мамандарының айтуынша, осы тектес шаралар - жастардың әскери-патриоттық сезімін арттыру, әскери қызметке тартуға бағытталған кешенді жоспардың бір бөлігі. Сонымен қатар, жастарды Отан алдындағы борышты өтеуге шақыруды мақсат етеді. Кездесу барысында Ұлттық ұланның келісімшарт бойынша кадрлық офицері атану шарттары бойынша сұрақтарға тұшымды жауаптар айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы