Павлодарда қаскөйдің қызға жасаған шабуылы видеоға түсіп қалған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда подъезге кірген қызға қарақшының шабуыл жасаған сәті камераға түсіп қалған. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.
Камераға қыздың подъезге кіріп, лифтіге қарай бет алғанда, артынан капюшон киген ер адам ілесе кіріп, қыздың мойнынан шап береді. Сол кезде қыз құтылып кетпек болып арпалысады. Біраздан соң екеуі де арпалысқан күйде камерадан алыстап кетеді. Кейін жігіттің қолына рюкзак ұстап, жүгіріп шыққаны камераға түсіп қалған.Анықталғандай, оқиға Назарбаев даңғылында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде болған.
«Зардап шеккен адам хабарласқаннан кейін, іс бірден тіркеуге алынды. Хабарлама «102» нөміріне 19 қыркүйек күні сағат 22:11 түскен. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық іске қатысы бар адамды анықтау үшін полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр», - деді полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Қыз полицейлерге құлаққапта болған соң ұрының не дегенін естімегенін айтқан.
«Зардап шеккен қыздың айтуы бойынша, ер адамның қолында пышақтың сабына ұқсайтын зат болған. Қыздың қолында тек пакеттер болған. Ер адам ештеңе ұрлап әкете алмаған. Хабарлама түсе сала полицейлер аумақты қарап шықты. Күдікті адамдарды ұстады. Тек зардап шеккен қыз ұрыны тани алмады. Тексеру әлі жалғасып жатыр», - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.