Павлодарда апатты үйлердің орнында көпқабатты баспана салынады

Ертіс өңіріндегі Затон шағын ауданында орналасқан апатты үйлер сүріле бастады. Алдағы жылдары осы аумақта бірнеше көпқабатты үй бой көтереді, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Шағын аудандағы екі қабатты ағаш үйлер өткен ғасырдың 30-50-ші жылдары салынған. Уақыт өте келе коммуналдық желілері істен шығып, апатты деп танылған. Құлаудың шақ алдында тұрған баспана иелері бұған дейін жергілікт билікке шағымданып келген. Бүгінде төбесі опырылып, қабырғасы сөгілген пәтерлердің кейбіреулері бос тұр. Себебі, тұруға қолайсыз. Ал барар жері, басар тауы қалмаған азаматтар қауіпті баспананы паналауға мәжбүр. 

Сүріліп жатқан үйлердің кейбіреулері 1928 жылы салынған. Қазіргі уақытта тозығы жеткен пәтерлерде не су, не жылу жоқ. Апатты үй тұрғындары бұл күндер артта қалатынына сенер емес.

Жекеменшік құрылыс компанияның өкілі Әлия Жүсіпованың айтуынша, алдағы жылы екі көпқабатты үй бой көтереді. 117 пәтер қолданысқа беріледі.

Пәтер иелеріне уақытша қоныс ұсынылды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң бұрынғы пәтерлердің аумағына сәйкес үй беріледі. Біз тек нысан құрылысына жауаптымыз. Ал жергілікті атқарушы орган инженерлік коммуникацияларды желілерді тартуға уәде беріп отыр. Болашақта бұл шағын ауданда тағы бірнеше үй салмақпыз. Автотұрақ, балалар орталығы болады деп жоспарланған. Әзірге үйлер сүріліп жатыр. ал құрылыс бір айдан соң басталады, - дейді Әлия Жүсіпова.

Жауапты мекеме өкілдерінің хабарлайынша, нақты жоспарлау жобасы екі апта бұрын бекітілген. Алдағы уақытта 20 апатты үй бұзылады. Жеті заманауи үй салынады. кешенді жоба енді жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта инженерлік коммуникацияларды тартуды жобалап жатыр.  Оның аясында шағын аудан аумағында балалар шағын орталығы, ойын алаңдары қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы