Бүгiн 2026, 17:02 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Павлодарда адам саудасы: Үш күндік нәрестені 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел ұсталды

Павлодарда полиция 23 жастағы әйелді үш күндік қыз баланы ақшаға бермек болған сәтінде ұстады. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Павлодарда Түркістан облысының тұрғыны – 23 жастағы әйел жүктілігінің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы болашақ сәбиін сатып алатын адамдарды іздеген. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері оның бұл заңсыз әрекетін дер кезінде әшкерелеп, қылмыстық жоспарын толық құжаттап, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әйел босанғаннан кейін небәрі үш күндік нәрестені ақшаға бермек болған сәтінде қолға түсті. Полицияның жедел әрі кәсіби іс-қимылының арқасында сәбиге төнуі мүмкін ауыр және қайтымсыз қауіптің алдын алу мүмкін болды, - деп хабарлады ІІМ.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі таңда жаңа туған қыз бала дәрігерлердің бақылауында. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі.

Полиция адам саудасының кез келген түрі, әсіресе балаларға қатысты қылмыс қатаң түрде тоқтатылатынын ерекше атап өтті.