Павлодарда Абай ескерткішін қорлаған тұрғын ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жас жігіт бұл әрекеті үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің  мәлімдеуінше, инстаграм әлеуметтік желісіндегі пабликтердің бірінде полиция Абай Құнанбаев ескерткішінің қоқыспен ластанғаны түсірілген видеоны анықтады.

Полиция аталған факт бойынша тексеріс жүргізді. Тәртіп сақшылары қабылдаған шаралар нәтижесінде 21 жастағы Павлодар қаласының жұмыссыз тұрғыны анықталып, ұсталды. Жас жігіт өзінің бұл әрекетті  сүйіктісімен жанжалдасып қалғаннан кейін және мас күйінде ашу үстінде жасағанын түсіндірді.
Осы факт бойынша құқық бұзушы ҚР-нің ӘҚБК-нің 434-бабы бойынша жауапқа тартылды. Материал сотқа шешім қабылдау үшін жіберілді. Осы баптың санкциясы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуды қарастырады, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар ол қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салумен ҚР ӘҚБК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жас жігіт өзінің жасаған ісіне өкініп, бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұрайды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 23 желтоқсанында Павлодарда орталық алаңда қазақтың ұлы ақыны, композиторы, ағартушысы және философының 175 жылдығына орай Абай Құнанбаев ескерткішінің салтанатты ашылуы өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы