Павлодарда 7 оқушы күйіп қалды: Полиция қылмыстық іс қозғады

Павлодардағы №37 орта мектебінде жазатайым оқиға орын алып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақпаратты inbusiness.kz сайты жазды.

Кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әрекеттері Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Бұдан бөлек, тергеу барысында оқу орны әкімшілігінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, – деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал облыстық білім беру басқармасы мектеп педагогы пен мектеп әкімшілігіне қатысты шешім тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қабылданатынын хабарлады.

Мектепке тыйым салынған заттарды алып кіру дерегі бойынша заңды өкілдерге қатысты тексеру жұмыстары атқарылып жатыр. Зардап шеккендер дер кезінде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, – делінген білім басқармасы таратқан хабарламада.

Нақтылай кетейік, жазатайым оқиға облыс орталығындағы №37 орта мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде болған. 6-сыныптың бір топ оқушысы сілтілі "Крот" құбыр тазартқыш құралын сусын құйылған пластик бөтелкеге салып ойнаған.

 

Жедел жәрдемге шақырту бүгін сағат 12.49-да түсті. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Анықталғандай, жеті бала зардап шеккен. Балалардың қол саусақтарын, бет-әлпеттері мен көздерін күйік шалған. Оқушылар әлгі жерде "крот"+мохито+фольга химиялық заттарын пайдаланып, ойын ойнаған. Зардап шеккен жасөспірімдердің барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Пациенттердің жағдайы ауыр емес, – деп хабарлаған болатын өңірлік жедел жәрдем стансасынан.

  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: inform.kz
Өзгелердің жаңалығы