Павлодарда 65 мыңға жуық адам сенбілікке шықты
Павлодар жұртшылығы бүгін жаппай сенбілікке шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірде қаланы абаттандыру мен санитарлық тазалық айлығы сәуір айының 1-нен басталған еді. Ал сәуірдің 15-інде жалпы облыстық сенбілік өтуге тиіс болатын. Бұл туралы Хабар24 жазды.
Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жұмыстар екі рет кейінге шегерілді. Қала тұрғындары бұл күнді тазалық күні емес, еңбек пен татулық мерекесі деп атапты. Қарлығаш Қасиетова, тілші: - Әдетте қаланы абаттандыру айлығы бір ай бойы жалғасады. Биыл мерзімінен кеш басталды. Қала қыс бойы жиналған күл-қоқыстан енді ғана арылып жатыр. Кезінде ең таза қала мәртебесіне ие болған Павлодар тұрғындары мұндай шараларға белсене атсалысады. Біз қазір Сарыарқа шағын ауданының ауласында тұрмыз. Бір қызығы мұнда көпбалалы отбасылар көп тұрады. Олар әр мерекені көршілерімен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған.
Тіпті тазалық күніне орай балаларға арнап мерекелік шара ұйымдастырып жатыр. Тосын сый да әзірлепті. Жалпы тазалық жұмыстары бүгін облыс көлемінде жүріп жатыр. Оған 2 мыңнан аса шаруашылық субъектілері, кәсіпорындар, пәтер иелері кооперативтері мен 65 мыңдай адам тартылған. Қоқыстарды шығаруға 723 бірлік техника жұмылдырылды. Полигондар қоқысты тегін қабылдайды. Автобус, трамвай аялдамалары, бағдаршамдарды жуу, жөндеу және сырлау жұмыстары қатар жүргізілуде.
Бір сөзбен айтқанда тазалық шаралары барлық саланы қамтып отыр. Бүгін сонымен қатар СпортСити қалашығына ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Жасыл Ел» студенттердің еңбек жасағы Усолка өзенінің бойында жасыл кросс өткізіп, өзен айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартады.