Павлодарда 4 жастан шахматпен айналысқан оқушы Қазақстанның үздік ондығына енді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. № 9 гимназия-мектебінің 6-сынып оқушысы Владислав Малыгин Қазақстанның 14 жасқа дейінгі шахматистерінің үздік ондығына кірді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, Владтың шахматқа деген қызығушылығы бала кезінен байқалған.
«Ол 4 жасынан бастап шахмат ойындарына белсенді қатыса бастаған. Оның феноменалдық жетістігі - зор талабы мен еңбек сүйгіштігінің, өзіне деген үлкен сенімінің нәтижесі. Владиславқа шахматшылар династиясы болып саналатын отбасы үлгі болады. Бұл спорт түрімен атасы, анасы, ағасы кәсіби түрде айналысады», - дейді бөлім маманы Балжан Әділханова.
Жас шахматшы облыстың, қаланың бірнеше мәрте чемпионы, Астана қаласында ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Кубогы үшін өткен республикалық шахматтар турнирінде ІІ орынға (2017 жыл), Павлодар қаласында Қазақстанның 14 жасқа дейінгі классикалық чемпионатында І орынға ие болған. Чехияда Халықаралық шахмат турнирінде І орын, Қазақстанның «Уфимцев А. Г. мемориалы» балалар кубогында Қостанайда ІІ орынға (2019 жыл) иегері атанған.
Сонымен қатар, Влад мектепте жақсы оқиды. Математика, информатика пәндерінен жетістіктері зор. Мектепте математика олимпиадасында (2017, 2018 жылдары), қалалық «Бастау» олимпиадасында І орынға (2017 жыл) қол жеткізген. Ол келешекте гроссмейстер болуды мақсат етеді.
Бос уақытында кітап оқиды, өлеңдер жазады. Мектептің аяқдоп командасының құрамында және қоғамдық өміріне белсенді қатысады.
Республикалық «Жас Ұлан» балалар-жастар ұйымының мүшесі. «Біздің кіші бауырларымыз», «Жүректен жүрекке» атты қамқорлық акцияларының, «Экокросс», «Жасыл планета» экологиялық жобалардың бастамашысы.