Павлодарда 300 бұралқы ит-мысыққа арналған орталық бой көтереді

Павлодарда 300 қаңғыбас ит-мысыққа арналған орталықтың құрылысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Өңірде мемлекет қарамағында болатын арнайы орталық салу мәселесі жылдар бойы көтеріліп келген. Биыл көше кезіп жүрген үй жануарларын уақытша ұстауға арналған нысан құрылысына 300 млн теңге бөлінді.

Павлодар қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ғизат Смайыловтың айтуынша, жаңа нысан бір гектардан астам аумақты алады. Орталық қала шетінде орналаспақ.

«Құрылысты бастамас бұрын тазалау жұмыстары жүргізілді. Себебі, осы жерде стихиялық қоқыс орны болды. Біз 27 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықты сыртқа шығардық. Панажайға қожайыны жоқ иттер-мен мысықтар орналастырылады. Вальерлер, арнайы ғимараттар салынады. Құрылыс жұмыстарымен екі мердігер ұйым айналысып жатыр. орталықты қалаға жақын, бірақ, адам аз жүретін және тұрғын үйлер алыс аумақта салып жатырмыз. Санитарлық нормалардың барлығы сақталады», - дейді Ғизат Смайылов.

Бүгінде облыстың қалаларында төрт панажай бар. Әрқайсысында 200-ге жуық жануар тұрады. Жаңа орталық салынған соң көше кезіп жүрген жануарлар мәселесі біртіндеп шешімін табуы керек.

Мамандардың айтуынша, бұған дейін бір жылда 12 мың ит-мысық ауланса, қазіргі уақытта көрсеткіш азайды. Себебі, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңы бойынша төрт аяқтыларды атуға тыйым салынған.

«Заңнама талаптарын орындау үшін бізге тек уақытша панажай қажет болды. Павлодар қаласының әкімдігі жер учаскесін бөлді. Сонымен қатар, ит-мысықтарды есепке алу механизмі біртіндеп іске қосылып жатыр. Үй жануарлары бірінші қыркүйекке дейін міндетті түрде тіркелуі қажет. Сонда ғана нақты саны белгілі болады. Бүгінде ветеринарлық клиника мен станция бір жүйеге қосылды. Бұл жұмысқа бюджеттен қаражат бөлінді», - дейді облыстық ветеринария басқармасының өкілдері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы