Павлодарда 21 мыңнан астам жүргізуші жол ережесін бұзған

Павлодар облысында жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзған 21 мыңнан астам жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жол ережесін бұзу фактісі «Redspeed», «Интегра-КДҚ» ЖҚБИЖ, «Автоураган» АБК жүйелері арқылы анықталған.

Жалпы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс орталығындағы көшелерде жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтайтын 41 автоматты жүйе орнатылған. Бұл жүйелер тек жылдамдық режимін ғана емес, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту мен жол белгілерін бұзуды бақылауға және тіркеуге қабілетті. Сонымен қатар, жүйелер көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқып, таниды. Жолдардағы бұзушылықтардың бейнежазбасын әртүрлі бұрыштардан түсіріп, оларды орталық серверге жібере алады.

Ағымдағы жылдың 6 айында Павлодар қаласында «Redspeed», «Интегра-КДҚ» ЖҚБИЖ, «Автоураган» АБК жүйелерімен 21 449 жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды. Жол ережесін бұзғандар 277 млн.999 мың 275 теңге сомасында айыппұл салу туралы ұйғарымдар жазылды, - деді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.

Тәртіп бұзған жүргізушілерге нұсқамалар тұрғылықты жері бойынша «Қазпошта» АҚ арқылы жіберіледі. Жіберілген нұсқамалар бойынша 241 млн теңгеге жуық айыппұл төленді. Сонымен қатар, жыл басынан бері жұмыс орны бойынша мәжбүрлеп орындау үшін 13 млн теңге сомасына 1000-нан астам ұйғарым жіберілді.

Бұдан бөлек, сот орындаушыларына шамамен 32 млн теңге сомаға 1000-ға жуық ұйғарым жіберілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Архив BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы