Жұмыссыз 160 павлодарлық жаңа мамандықтарды игерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қысқа мерзімді курстар екі-үш айға созылады, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде облыс орталығында 29 мамандық бойынша 588 жұмыссыз қайта оқуға жіберілді. Оның ішінде 160 адам оқуды аяқтады.
«Біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар - сұлулық индустриясы, қоғамдық тамақтану саласы, экономика, техникалық мамандықтар бойынша оқытамыз, өйткені біздің облыс өнеркәсіптік болып табылады. Жаңа мамандықтарды да іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазір еңбек нарығына мониторинг жүргізіп, мамандықтар мен жұмыс берушілердің сұраныстарын зерттейтін боламыз», - дейді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы оқыту бөлімінің бастығы Венера Демеубаева.
Кәсіби қысқа мерзімді курстар екі айдан үш айға дейін созылады. Барлық қатысушыларға ай сайын 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы беріледі.
Оқытушылар атап өткендей, жаңа мамандықты игеру үшін үш ай жеткілікті.
«Бұл курстар халыққа тегін білім алуға мүмкіндік беруімен жақсы. Бітіргеннен кейін қатысушылардың мамандығы болады және олар өз ісін аша алады. Мұнда мақсатпен келген оқушылар да оқиды және олардың балалар киімі желісін ашу, тігін ательесі сияқты бизнес-жоспарлары бар. Біз мұнда ең негізгіні үйретеміз. Негізінен тіге білетін, тігін машинасымен жұмыс істей алатын адамдар келеді. Олардың құрастыру мен технология бойынша біраз білімдері жетіспейді», - дейді технология пәнінің оқытушысы Айман Сардарбекова.
Жұмыспен қамту орталығында курс өткеннен кейін түлектерге жұмысқа орналасуға көмектеседі, ал өз бизнесін ашқысы келетіндерге 200 АЕК көлемінде ақысыз гранттар ұсынады.
«Жыл басынан бері 28 грант берілді. Оларға кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бастау бизнес» курсынан немесе бірінші бағыт бойынша қысқа мерзімді кәсіби курстардан өткен азаматтар үміткер бола алады. 200 АЕК көлемінде грант көлемі 505 мың теңге. Биыл грант алушылардың арасынан Роман Симоновтың жобасын атап өтуге болады. Ол тамыз айында аквариумын іске қосуды жоспарлап отыр. Иесі жоқ жертөле алып, бәрін қалыпқа келтірген. Оған гранттық қаражат сүзгілеу жүйесін сатып алу үшін қажет болды», - деді Венера Демеубаева.