Павлодарда 140 млн теңгеге салынған стадион қирап жатыр

Ертіс өңірінде 140 млн теңгеге салынған стадион қирап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Бұл туралы қоғам белсенділері хабарлады. Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің айтуынша, спорт нысаны үш жылдың ішінде мүшкіл күйге түскен.

«Металлург» стадионы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде орналасқан.

Стадионды көріп, жағамызды ұстадық. Объектіні 2020 жылы Баянауыл ауданының нақты экономика секторы қолданысқа қабылдады. Қабылдау актісі бойынша нысан жобалық-сметалық құжаттамаға және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттамаға сәйкес деп белгіленген. Бірақ, қағаз жүзінде ғана, - дейді «Әділдік жолы» ҚБ облыс бойынша филиалының директоры Нұргүл Қайырденова.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, стадиондағы футбол алаңының жабындысы нашар. Жүгіру жолының тартан жабындысы қираған. Ал торлы қоршау құлаудың шақ алдында.

Оған қоса, ағаш трибуналардың орындықтары жоқ. Трибунаның цемент сылағы үгітіліп жатыр. Жарықтандыру да жоқ. Спортшыларға арналған киіну орны мүлдем жұмыс істемейді. Объект талапқа сай қолданысқа берілді ме? Осындай заңды сұрақ туындайды. Техникалық спецификация бойынша мердігер ұйым беретін кепілдік берзімі 60 айды құрайды. Сәйкесінше «КазЕвроСтрой» ЖШС-і ақауларды жою керек. Бірақ, кәсіпорын иелері әкімдіктің хаттарын елемей, жауап бермей жүр, - дейді Нұргүл Қайырденова.

Майқайың кентінің әкімдігі мәселенің барын жасырмайды. Мамандардың айтуынша, кемшіліктер биылғы жылдың 20 шілдесіне дейін жойылуы керек.

Майқайың кентіндегі Металлург стадионын реконструкциялау жобасын 2020 жылы «КазЕвроСтрой» ЖШС-і іске асырған. Келісімшарт 2020 жылдың 25 маусымында жасалып, жоба 2020 жылғы 24 қарашада қолданысқа берілді. Жобада киім ауыстыратын орындар қарастырылғанымен, оларды жабдықтау баланс ұстаушының құзырындағы жұмыс. Стадион Майқайың кенті балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансында. Мектеп облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының қарамағында. Жоба бойынша бірқатар кемшілік бар (қоршауды жөндеу, жүгіру жолағының үстіңгі қабатын дұрыстау). Бүгінгі күні кемшіліктерін жою бойынша мердігерге хат жолданды, - деп хабарлады әкімдік өкілдері.

Айта кетейік, жобаның кепілдік мерзімі бес жылды құрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Әділдік жолы» ҚБ облыс бойынша филиалының директоры Нұргүл Қайырденованың фейсбук парақшасынан
Өзгелердің жаңалығы