Павлодарда 13 мыңға жуық адамға қамқорлық көрсетіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен «Қамқорлық» қайырымдылық айлығы басталды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Жыл сайын ұйымдастырылып отыратын қайырымдылық айлығы биыл 23 қыркүйек - 23 қазан аралығында өтеді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Лариса Кузьменконың айтуынша, акция барысында аз қамтылған және жалғызбасты қарт азаматтар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, көп балалы отбасыларға көмек көрсетіледі."Барлық азаматтық қоғамды, кәсіпкерлерді, ірі кәсіпорындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлерді мұқтаж адамдарға назар аударып, қамқорлық танытуға шақырамыз. Бірінші кезекте мекеме-ұйымдар мен кәсіпорындар өздерінің лайықты демалысына кеткен қызметкерлеріне көңіл бөлсе екен. Біз әлеуметтік қорғау мекемесі ретінде ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын жалғыз басты азаматтарға және І, ІІ топтағы мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды назарға аламыз", - деді Лариса Кузьменко.
Бөлім ұсынған мәліметке сүйенсек, қалалық бюджеттен Қарттар күні мен Мүгедектер күнін мерекелеу шеңберінде 13 мыңға жуық мұқтаж адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға - 5808 теңге, ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлерге - 3030 теңге және ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын 80 жастан асқан зейнеткерлерге 7323 теңге көлемінде біржолғы көмек төленеді.
"Мұқтаж адамдар ең алдымен халықты әлеуметтік қорғау мекемесіне жүгінеді. Қазір қысқы кезеңде кейбір адамдар отын, енді бірі материалдық қолдау көрсетуді сұрайды. Сондықтан қол ұшын тигіземін дейтін азаматтар үшін қалалық ардагерлер кеңесі жанында жедел желі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша 327-ші кабинетке, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуге болады", - дейді бөлім басшысының орынбасары.
Айта кетейік, 1 қазан - Қарттар күні мерекесінде зейнеткерлерге қоғамдық көлік тегін болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында сөз сөйледі
Келесі жаңалық
Перизат Қайрат 10 жылға соттала ма
Өзгелердің жаңалығы