Павлодарда 110-нан астам үй жылусыз отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының басшысы жылу беру маусымы мәселелері бойынша жоспардан тыс кеңес өткізді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямның мәліметі бойынша қазіргі кезде 1145 көпқабатты тұрғын үй (90%) жылу жүйесіне қосылған, 1165 – і (90% - дан астам) ыстық сумен қамтамасыз етілген. Қазір 112 үй жылусыз, 69 үй ыстық сусыз қалып отыр. Жылудың болмауының себептерінің жартысы жылу желілеріндегі аварияларға байланысты. 36 үй ПИК-тің дайын болмауына байланысты жылусыз қалған.
Қалған 20 үй "Дачный" шағын ауданында орналасқан. Ержан Иманслямның есебі бойынша, мұнда барлық жөндеу жұмыстары аяқталған, қазір жүйені сумен толтыру жүріп жатыр. Қала әкімінің айтуынша, "Дачный" шағын ауданының тұрғындары жылуға ертең, 5 қазаннан бастап қосылады.

Облыс әкімі қала тұрғындарынан, әсіресе "Дачный" шағын ауданының тұрғындарынан көптеген шағымдар түсетінін атап өтті. Әбілқайыр Сқақов қала басшысына бүгін осы шағын ауданның тұрғындарымен кездесіп, олардың үйлері бойынша ағымдағы жағдай туралы хабарлауды тапсырды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы желілердегі апаттардың салдарын жою бойынша жұмысты ұйымдастыруды қатаң сынға алды – "Павлодар жылу желілері" ЖШС басшылығы бұған төтенше жағдайларды жою үшін жұмысшылар жетіспейді деген уәж айтты.

Павлодар бойынша жылуды қалыпты іске қосу үшін 20 күн қажет, бүгін жылыту маусымы басталғаннан бері 12-ші күн өтті, - деп түсіндірді "Павлодарэнерго" АҚ басшысы Олег Перфилов. - Сонымен қатар, біз жөндеу жұмыстарын карантинге байланысты кейінге шегеріп, бір ай кейін бастағанымызды ұмытпауымыз керек.

Облыс әкімі тәуекелдерді жоспарлау мен болжаудың жоқтығын атап өтіп, оның дәлелдерін негізсіз деп тапты. Әбілқайыр Сқақов жылу беруші ұйым жөндеу буындарының санын көбейтіп, тәулік бойы жұмыс режиміне көшуін талап етті. Ол өзінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановқа бейінді қызметтермен бірлесіп, жылу желілерінің тозуы тұрғысынан проблемалық аймақтарды анықтауды және оларға тұрақты бақылау орнатуды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы