Павлодар облысында шаңғымен сырғанаудан жарыс өтті

Павлодар облысы, baq.kz. Ақсу қаласының шаңғы базасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сынақтарын тапсыру бойынша тұрғындар арасында шаңғы жарысы ұйымдастырылды. 

Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа барлығы 120 адам қатысты. Олардың ішінде 64 жастағы зейнеткер Нұрлан Қасенов та белсенділік танытты. 

"Спортпен жас кезімнен айналысамын, - дейді Нұрлан Қасенов. – Әсіресе, жеңіл атлетикамен шұғылданғанды ұнатамын. Бұрын зауытта жұмыс істеп жүргенімде кәсіпорынның атынан түрлі жарыстарға қатысатынмын. Екі жыл бұрын халықаралық марафонға, былтыр Павлодар облысының құрама командасының қатарында Қарағандыда өткен жарысқа қатыстым. Денсаулықты нығайту үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Сондықтан жастардың үйде жата бермей спортпен айналысқаны дұрыс. Немерелеріміз бен кейінгі ұрпақтың арасынан әлі талай жеңімпаздар шығуы мүмкін". 

Ақсу қаласы ферроқорытпа зауытының бұрынғы жұмыскері Иван Кайдас та - салуатты өмір салтын сақтайтын жандардың бірі. 

"Мен өзім шаңғымен жүгіремін, - дейді зейнеткер. - Қыркүйек айында Хромтауда өткен жарыста жалпы командалық есепте екінші орынға иелендік. Үйде отыра алмаймын. Жұмыс істеймін. Бүгін ауа райының суық болғанына қарамастан, көңіл күй көтеріңкі. Халық көп. Адам баласы қозғалыста өмір сүруі керек". 

Жарыс нәтижесі бойынша жеке сайыста 1,2,3 орын алған жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ақсу қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің медальдарымен және ақшалай сертификаттарымен марапатталды. Норматив тапсырғандарға спорт бөлімінің естелік сыйлықтары табыс етілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы