Павлодар жасыл қалаға айнала ма
Облыс орталығында жыл сайын отырғызылатын ағаштардың көбі қурап кетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Бұл экологиялық кеңес жүргізген мониторинг барысында анықталды. Ендігі мақсат – олқылықтың орнын толтыру үшін нақты жоспар әзірлеп, сапалы жүзеге асыру. Жасыл желекпен көмкерілген аумақтардың санын арттыру тағы бар.
Көгалдандыру шараларын жауапты мемлекеттік мекемелермен қатар ірі кәсіпорындар өздерінің санитарлық қорғау аумақтарында жүргізеді. Осыдан екі жыл бұрын Павлодар мұнай-химия зауыты отырғызған ағаштардың 40%-ы қурап кеткен. Ал Қазақстан электролиз және Қазақстан алюминий зауыты салған көшеттер бойынша көрсеткіш – небары 11% болған.
Жыл сайын мыңдаған жас көшет жерсінбейді. Ағаш отырғызу сапасы да көңіл көншітпейді. Ресми мәлімет бойынша биыл жергілікті кәсіпорындар 21 мыңнан астам ағаш отырғызбақ. Есеп бойынша мыңдаған өсімдік салынса да, жерсіну көрсеткіші сол қалпы төмен дейгейде. Бұл экологиялық мәселе кезең кезеңмен жүзеге асырылатын концепция бойынша біртіндеп шешімін табады.
Бұл мәселені экологтар көтеріп жүргеніне талай жыл болған. Экологиялық проблеманы түбегейлі шешу мақсатында аймақтың үш қаласына арналған дендрологиялық жоспарлар әзірленіп, жасыл желектің сапалық және жасы бойынша ғылыми негіздемелер жасалды.
Облыс орталығында 2028 жылға дейінгі көгалдандыру концепциясы қабылданды. Бұған дейін қаладағы 200 мың ағаш түгенделген. Нәтижесінде Павлодар қаласында өсетін 157 119 ағаштың 78%-ы продуктивті жаста екені анықталды. Яғни, көшеттердың жасы 40 жылға дейін. Ал 17%-ы немесе 34 мыңы жас ағаштар болып шықты. Қалған көшеттердің жасы 40 жылдан астам. Олардің көбі көпқабатты үйлердің аулаларының ішінде өседі. Жасыл қордың 88%-ы сау, ал қалғаны бүлінген. Сондай-ақ әбден қураған үш мыңға жуық ағашты жойып, орнына жаңасын салу қажет, - дейді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Сараптамаға сәйкес өсімдіктердің 27 сұрыбы өсіп тұр. Басым бөлігін терек, үйеңкі және шегіршін. Ал қайың мен қарағай екі есе аз. Ағаш түрлерін көбейту мақсатында отырғызу жоспары қайта қаралды. Алдағы уақытта шырша, ақ қайың, арша, тал сияқты түрлері салынады. Олар жергілікті климатқа бейімделген әрі табиғат құбылыстарына төзімді келеді.
Нормативтерге сәйкес жалпы қолданыстағы көгалдандырылған аумақ кем дегенде 343 гектарды құрау керек. Қазіргі көрсеткіш 99 гектар көлемінде. Болашақта бұл нормативке қол жеткізу қажет.
Нормаға сәйкестендіру үшін қаладағы саябақтар мен скверлерді реконструкциялау жоспарланған. Биыл шаһардың шағын аудандарында сегіз шағын сквер пайда болмақ. Олардың барлығына ағаш отырғызылады. Жалпы биыл 20 мың ағаш егу жоспарланған. Өсімдік түрлері дендрологиялық жоспар бойынша таңдалады. Нақтырақ айтқанда, көктемде жасыл белдеу аймағында он мың көшет отырғызылады. Сонымен қатар ауруға шалдыққан, қураған өсімдіктерді алмастыру жұмыстары істеледі. Көгалдандыру жұмыстары барысында ағаштардың өміршеңдігін сақтау қағидатын ұстанамыз, - дейді қала әкімі.
Айта кетейік, жұмыстардың барлығы экологтар және биолог мамандардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылады. Мәселен, биыл мамандардың кеңесі бойынша ағаштарды формалы кесу шаралары ерте жүргізілді. Нәтижесінде бес мың ағаш реттелді.
Экобелсенділердің айтуынша, бұл тұрғыда екі мәселеге мән берген жөн.
Біріншісі, көктемгі кесу жұмыстарын сапалы жүргізу керек. Бейберекет кесілсе, ағаштар зардап шегуі мүмкін. Сәйкесінше өсімдіктер жағымды микроклимат құру, топырақ жабындысының қызып кетуін төмендету және жерасты суларын реттеу қызметінен айырылуы ықтимал. Екінші мәселе – асфальт немесе кеспетас төсеу барысында ағаш түбінің шеңберін бұзу. Жасыл көшеттерді күту ережесі бойынша ағаштың кем дегенде бір метрден астам орын қалдыру керек. Бізде бұл ереже сақталмай жатады. Айналасына асфальт төселген өсімдік кейін қурап кетеді, - дейді «Эком» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, эколог Светлана Могилюк.
Кешенді жоспар негізінде ағаштарды отырғызу технологиясын сақтау және күтім жасауға мән беріледі. Мәселен санитарлық аумақтарын көгалдандыратын кәсіпорындар көшеттер санын көбейтумен қатар олардың топыраққа бейімделуін қадағалау керек.
Синоптиктердің болжамынша жаз айлары құрғақ болады. Осыған сәйкес суару шаралары қайта қаралды. Биыл көшеттерді күтіп-баптау екі тәсіл бойынша жүзеге асырылады. Қолмен суару арнайы машиналардың көмегімен айына кем дегенде 25 рет жүргізіледі. Ал автоматты суару жүйесі саябақтарда өздігінен жұмыс істейді.
Сонымен қатар қала ішінде көпжылдық және біржылдық гүл отырғызу басталады. Есеп бойынша шамамен 25 мың шаршы метр әсем гүлдер шаһардың көрігін кіргізбек.
Десе де, өңір билігі Павлодар қаласына "ең жасыл қала" мәртебесін қайтаруға ниетті. Ол үшін кезең кезеңмен көгалдандыру жоспары жүзеге асырылады. Биыл облыс орталығының жасыл белдеуінде 10 мың ағаш отырғызылады. Ал қала ішіндегі учаскелерде он мың жас көшет пайда болады. Ағаш салу жұмыстары күзде де жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, биыл апатты жағдайдағы және ауру ағаштар ауыстырылады.