Павлодар жағажайындағы ақылды камера алғашқы нәтижесін көрсетті
Ертіс өңірінде коммуналдық жағажайларға орнатылған ақылды камералар алғашқы нәтиже беруде, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері санаулы минутта суға батып бара жатқан адамға жетіп, өміріне араша болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер азаматтың Усолка өзенінде суға кетіп бара жатқан сәті байнебақылау камераларына түсіп қалған.
Құтқарушылар оқиға орнына бір минуттың ішінде жетіп, бірден құтқару операциясына көшті. Куәгерлер зардап шеккен азаматқа алғашқы көмек көрсетпекші болыпты, бірақ, нәтиже бермеген. Сүңгуірлер тұрғын батып кеткен орынға жетіп, денесін 20 секунд ішінде алып шыққан. Кейін реанимациялық шаралар жүргізіліп, азамат жедел-жәрдем қызметінің мамандарына тапсырылды, - дейді департамент өкілі.
Құтқару операциясына бес маман қатысты. Куәгерлердің айтуынша, өзен бойында тыныққан адам жалғыз болған. Оған қоса, ішімдікке бой алдырған. Сала мамандары рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға және алкоголь өнімдерін тұтынбауға шақырады.
Айта кетейік, шомылу маусымы басталғанда облыс орталығындағы ірі жағажайларға смарт-камералар орнатылды. Ақылды жүйе тереңдікке кеткен адамды бірден байқап, дабыл қағады. Алдағы уақытта өңірдің коммуналдық шомылу орындарында 30 құрал орнатылады деп күтілуде.