Павлодар тұрғыны әскери техниканың жүздеген моделін құрастырған
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғыны Владимир Найда әскери техниканың кішірейтілген нұсқаларын модельдеумен айналысады. Бұл хоббиіне өмірінің 45 жылын арнаған.
60 жастан асқан зейнеткер ұшақтың алғашқы көшірмесін алты жасында жасапты. Содан бері әкесі сияқты әскери болуды армандаған. Мұратына жете алмаса да, Отан алдындағы борышын өтеген соң ұшақ, танк, зеңбіректер мен соғыс жылдарындағы көліктердің нұсқаларын жасай бастаған. Қазіргі уақытта азаматтың коллекциясында шағын машиналар мен ұшақтардың жүздеген түрі жинақталған. Олардың әрқайсысы белгілі бір кезеңнің тарихынан сыр шертеді.
Бүгінде Ресей, Қытай, Жапония, Италия мен Испания мемлекеттерінде әлі күнге дейін қолданыстағы техника түрлері жинақталған. Бір бөлмеде 12 экспозициялық үстел жасаған.
Өткен ғасырдың 70-жылдары кеңестік кеңістікте әскери техниканы модельдеу қарқынды дамыды. Бұл іспен айналысатындардың бір шоғыры Павлодар облысында да болды. Қазіргі уақытта ортамыз сиреп кетті. Бірақ хоббиге жанын арнағандар жетерлік. Өз басым машиналардың бөлшектерін Ресейден тапсырыспен алдыртамын. Ал бояуларды Жапониядан сатып аламын. Модель құрастыру - төзімділікті талап ететін жұмыс. Көшірменің әр деталін жинаумен қатар, бояу керек. Өз басым осы жұмыспен түнделетіп айналысамын. Тыныштықты жақсы көремін, - дейді Владимир Найда.
Коллекционер техниканың моделін құрастырмас бұрын тарихын да зерттейді. Сондықтан әуемодельдердің энциклопедиясын да жинап қойған.
Екі жыл бұрын коллекциямда 400-ден астам танк пен түрлі әскери көліктер болған. 200-ден астам бөлшек де болды. Қазіргі уақытта есептеуді қойдым. Техникаға деген махаббатым гендік деңгейде қалыптасты деп ойлаймын. Себебі әкем әскери қызметкер болды. Содан болар, машина, зеңбіректер, ұшақтар мен тікұшақтарды балаша жақсы көремін. Мен үшін бұл іс - нағыз шығармашылық. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай арнайы коллекциясы жиналды, - дейді шебер.