Павлодар қаласында заманға сай ІТ-мектеп ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2000-шы жылы мен мектеп бітіріп, айти мамандығын таңдағанда, сапалы ІТ-білімді іздеп, Алматы қаласына баруға тура келді. Ал бүгін Павлодар облысындағы жерлестерім үшін айтулы оқиға - Павлодар қаласында заманға сай ІТ-мектеп ашылды. Туған өлкемнің тұрғындарын осы қуанышты жайтпен құттықтаймын, деп жазды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Цифрландыру саласының министрі болғандықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маған 100 мың білікті ІТ-маман дайындау міндетін жүктеді. Бұл тапсырманы орындаудың бір жолы - еліміздің аймақтарындағы ІТ-таланттарға қолдау көрсету.

Торайғыров университетінің негізінде ашылған павлодарлық ІТ-мектепте оқу аралас форматта жүргізіліп, заманауи компьютерлер және VR-құралдарында инновациялық білім технологиялары қолданылады, - деп жазды министр.

Кез-келген павлодарлық жаңа ІТ-дағды алу үшін немесе мамандығын түбегейлі өзгерткісі келсе, өзекті бағыттардың бірін таңдай алады: веб-әзірлеме, GoLang- әзірлеме, Android- әзірлеме, Data Science, 3D-моделдеу, AR/VR және т.б.

2025 жылдың аяғына дейін біз елімізде осындай 20 инновациялық мектеп ашып, тегін оқуға 20 мың ІТ-ваучер бөлмекпіз. Биылдың өзінде 100 қазақстандық Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау, Семей және Оралдағы бағдарламалау мектептерінде оқуға грант алды. Келесі жылы тағы 2 мың адам квотаға қол жеткіза алады.

Бейресми ұйымдардың ерекшелігі неде? Біріншіден, мобильді және заман талабына жылдам бейімделеді. Екіншіден, нарықтың сұранысына бет бұрып, қысқа мерзім ішінде қажетті сала бойынша мамандарды дайындайды.

Қазіргі таңда мұндай кадрлардың тапшылығы сол, отандық және шетелдік компаниялар талантты студенттерге әлі оқу бітірмесе де, жұмыс ұсына бастайды, - деді Бағдат Мусин.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы