Павлодар облысының үш су айдынында балық қырылды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі үш шағын су тоғанныда балық қырылды. Оқиға орнына мамандар дереу жетіп, сараптама жасады.
Балықтардың жаппай қырылу деректері Ақсу ауылдық аумағындағы Ильюшка және Ақтоғай ауданына қарасты Ломовая және Тяпка су айдындарында тіркелді.
Мамандардың хабарлауынша, шағын тоғандардың тереңдігі 1,5 метрден аспайды. Жыл сайын қатып қалу қаупі төнеді. Сол себепті бұл өзеншелерде аэрация, яғни, балықтарға ауа өткізу шаралары жүргізіледі. Өткен қыста ондаға оқшауланған су тоғанында 1200-ден астам шұңқыр ойылып, балықтар мен балдырларға ауа жіберілген. Десе де, қыстың қатты болмауынан, мұз біртіндеп еріген. Мамандардың пайымдауынша, қатты аяз кезінде әдетте мұз жарылып кетеді. Ал ауа температурасы жылырақ болса, төменгі жаққа ауа жетпей, балдырлар шіріп кетеді. Салдарынан балық тұншығып қалады.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының айтуынша, балықтардың қырылуы оттегінің жетіспеушілігінен болуы мүмкін. Мәселен, Тяпка өзені толығымен қатып қалған.
Оқиға орнына арнайы комиссия жетіп, судан сынама алды. Әзірге ауыр металлдар мен зиянды химикаттар анықталған жоқ. Сондықтан, адамдар мен жануарлар дүниесіне қауіп жоқ. Үш су тоғанынан 300 келіге жуық өлі балық жиналды. Олар уланбаған. Біз жиналған балықты адам жүрмейтін жерге көміп тастадық. Балықтар улы заттан зардап шексе, құйрықтары түсіп қалар еді. Ал өзендердегі балықтың денесі бүтін, - дейді жауапты басқарманың бөлім басшысы Жасұлан Жұмашев.
Тяпка өзенінің жалпы аумағы 40 гектар, тереңдігі небары - 1,1 метр. Облыс аумағында осы тектес су айдындары жетіп артылады. Өзенде шортан, сазан, тұқы сияқты балықтар кездеседі.
Мамандардың айтуынша, балықтардың қырылуы - жыл сайын кездесетін құбылыс. Өткен жылы алты тонна өлі балық жиналып, жойылған.