Павлодар облысының тұрғындары полицияға 37 қару өткізді

Павлодар облысының аумағында 10 сәуірден бастап халықтан заңсыз қаруды сатып алу акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның шеңберінде құжаттарсыз және тіркеусіз сақталған қаруды тапсыру арқылы өтемақы алуға болады. Жақын маңдағы полиция бөліміне ерікті түрде қару берген азаматқа 100 АЕК дейін сыйақы беріледі. 

Акция басталғаннан бері өңір тұрғындарынан 37 бірлік мылтық қаруы және 13 мыңға жуық оқ қабылданды. Қару баллистикалық сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша сыйақы төлеу туралы шешім қабылданады, – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев. 

Мысалы, Павлодар қаласының полициясына ер адам 5,6 калибрлі мылтыққа 6150 оқ тапсырды. 

Ер адам оларды Ертіс өзенінің бойынан, Кенжекөл ауылының маңынан ағаш жәшіктен тапқанын түсіндірді. Осыдан кейін БАҚ-тан мемлекет халықтан қаруды өтеулі негізде қабылдайтынын біліп, оқтарды полицияға өз еркімен тапсыруға шешім қабылдады. Төлемнің болжамды соммасы 184 500 теңгені құрады. 

Ал Успен ауданының тұрғыны пеш құбырын жөндеу кезінде үйінің шатырынан тапқан ИЖ-17, 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтығын тапсырды. Болжам бойынша мылтық шамамен 15 жыл бұрын Германияға тұрақты тұруға кеткен бұрынғы иелерінен қалған. Төлем сомасы 72 450 теңгені құрады. 

Егер сізде немесе туыстарыңызда тіркелмеген қару болса, оны тапсыру керектігін еске саламыз. Ол үшін жазбаша өтініш жазып, тұрғылықты жері бойынша полиция органдарына тапсыру керек, – деді Борис Әлімбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы