Павлодар облысының су қоймаларына 51 мың тұқы балығы жіберіледі
Биыл Павлодар облысының су қоймаларының биоалуандылығын жақсарту мақсатында 51 мың тұқы балығы жіберіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нақтырақ айтқанда, ақ амур мен тұқы жіберіледі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, биыл балық жіберу жұмыстары Баянауыл ауданындағы Торайғыр және Сабындыкөл көлдерінде жүргізіледі. Су маржандарының ақ амур түрі алғаш рет жіберіледі. Бір майшабақтың салмағы – 100 грамға дейін.
Торайғыр көліне ақ амурдың шамамен он мың данасы, ал Сабындыкөлге 38 мың данасы жіберу жоспарланған. Балықтың бұл тұқымын ғылыми ұйым өкілдерімен бірлесіп таңдадық. Себебі, соңғы жылдары бұл су айдындарында зиянды өсімдіктер қаптап кетті. Атап айтқанда, қамыс зиян келтіріп отыр. Ал тұқы балықтары табиғи мелиоратор қызметін атқарады. Осылайша, көлдердің экожүйесі жақсарады. Балықтардың бейімделуін ұлттық парк мамандары бақылайды. Бұл шаралар - экологиялық тұрақтылық пен биоалуандылықты сақтау жөніндегі ұлттық стратегиянының маңызды бөлігі, - дейді Жасұлан Жұмашев.
Балық жіберу жұмыстарын табиғат пайдаланушылар мен қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорындар да жүргізеді. Осы күнге дейін оннан астам пайдаланушы өзен-көлдерге 1 миллионнан астам майшабақты жіберді. Балықтардың басым бөлігі – тұқы. Осы айда Ертіс өзеніне екі жылдық Сібір бекіресінің 900-ден астамы жіберілген. Жұмыс қазан айының соңына дейін жалғасады.
Айта кетейік, өңірдің су айдындарына майшабақтарды жіберу жұмыстары соңғы үш жыл ішінде күшейтілген. Биыл балық жіберу шараларына 51 млн теңге жұмсалған.